Қызылордадан Қарағанды облысына дейінгі аралықта жол жабылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласынан Қарағанды облысына дейінгі аралықта көлік құралының қозғалысына шектеу қойылды.

Оған аймақта ауа райының қолайсыздығы себеп болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Аталмыш шектеу 29 қаңтар күнгі сағат 19.00-ден басталды. Оған жолды қар басуы мен боран соғуы себеп болып отыр.

«Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автомобиль жолының 12-216 шақырымы аралығына барлық көлік құралдарының қозғалысына тыйым салынған. Бұл Қызылорда қаласынан бастап Қарағанды облысының шекарасы дейінгі аралықты қамтиды», - деп хабарлайды Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Осыған орай «Қазавтожол» ЖШС Қызылорда облысы бойынша филиалы аталмыш бағытта көлік қозғалысын шектеу туралы шешім қабылдады.

Естеріңізге сала кетелік, 28 қаңтарда тиісті сала мамандарының жедел іс-шарасы нәтижесінде осы бағытта жолда қалып қойған «Астана-Қызылорда» рейстік автобусы, 5 кіші сыйымдылықтағы автобус, 11 жүк көлігі, 15 жеңіл автокөлікте болған жолаушылар құтқарылған еді.

Соңғы жаңалықтар