Қызылордадағы спорт мектеп-интернаты енді студенттерді де даярлайды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы Жалаңтас Баһадүр атындағы Қызылорда облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына енді дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша студенттер даярлайтын мектеп-интернат және колледж мәртебесі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев оқу орнының жұмысымен танысып, ұжымды жаңа оқу жылымен құттықтады.

null«2001 жылы Қызылорда облысында спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болып тұңғыш рет ашылған бүгінгі мектеп-интернат-колледждің тарихы терең. Талай қазақ баласы білім алып, ел игілігіне қызмет атқаруға өмірлік жолдамамен аттанды. Білім мен тәрбие беру жолында есімдері елге танымал, Әлем, Азия чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері түлеп шықты. Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Зайчиков, Олимпиада ойындарының қатысушылары, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов, еркін күрестен 3 дүркін Азия чемпионы Дәулет Ниязбеков, дзюдодан жасөспірімдер Олимпиада ойындарының чемпионы, тұңғыш Әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев, еркін күрестен Олимпиада ойындарының қатысушысы Ғалымжан Өсербаев, ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының қатысушысы Қуаныш Рахатов сынды спортшыларымызды мақтанышпен айта аламыз. Игі бастамаларыңызға шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер мен жеңістер, педагогикалық ізденіс, жаңа серпін тілеймін» - деді облыс әкімі.

null  Мектеп-интернаттың 5 сыныбында 200 оқушы оқиды, ал колледжде «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша 20 студент білім алуда. Биылғы жылы оқу орнында 8 ҚР спорт шебері, 38 спорт шеберлігіне үміткер даярланып, ұлттық құраманың қатарына 31 өрен қосылды.

Үстіміздегі жылдың қазан айында Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өтетін ІІІ жазғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына мектеп-интернат оқушылары Диас Бахрадин, Эльнура Нұрланова байдарка және каноэден есу бойынша, ал Ерасыл Ергенбай мен Есенгелді Сәпи ауыр атлетикадан қатысады.

Соңғы жаңалықтар