Қызылордадағы сауда орталықтарында карантин талаптары сақталмағаны анықталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада карантин уақытында бірқатар базарлар, қоғамдық тамақтану орындары, дүкендер және өзге де қызмет көрсету орталықтарында санитарлық талаптар сақталмайтыны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы уақытта Қызылорда облысында коронавирус инфекциясының таралуы күн сайын артып барады. Соңғы күндері әр тәулікте тіркелген науқастардың саны 40 адамнан асып тұр. Осыған байланысты облыс прокурорының өкіміммен жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың басшыларынан тұратын өңірлік мониторингілік топ құрылды. Оған облыс басшылығы тарапынан қолдау көрсетілген.

Одан бөлек қала, аудан орталықтарында 32 мониторингілік топ жұмыс атқарып, күнделікті рейд жасалуда. Мамандар карантин уақытында базарлар, қоғамдық тамақтану орындары, дүкендер және тағы да басқа қызмет көрсету орталықтарындағы санитарлық талаптардың сақталуына бақылау жүргізді. Мониторингілік топ құрамында облыстық прокуратура, Қызылорда қаласы әкімдігінің өкілдері және облыстың санитариялық бас дәрігері Әлия Әбдікайымова бар.

«Топ мүшелері алдымен Қызылорда қаласындағы «Отырар» сауда үйін аралады. Онда сауда үйінің басшылығына сатушы қызметкерлермен бетпердесіз, қолғапсыз жұмыс істеп жатқаны ескертілді. Сондай-ақ, төменгі қабатта желдету жүйесі жұмыс істемейді. Ал «Small» сауда үйінде кассирлер қолғапсыз қызмет атқарған. Бұған байланысты топ мүшелері тарапынан тиісті құжаттар рәсімделіп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігімен сотқа жолданған. Бүгінгі күнге дейін 7920 нысан тексерілді. Оның 4566-на ескерту парақтары берілді. Бұл нысандарда арақашықтық сақталмайды, қызметшілер бетпердесіз, қолғапсыз жұмыс істеп жатқаны анықталды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай.

Қазір Қызылорда облысында 533 адам коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Оның 475-і жазылып шықты.


Соңғы жаңалықтар