Қызылордадағы полиция қызметі ғимаратына қарулы шабуыл жасалды - Елдос Қилымжанов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Қызылордадағы жергілікті полиция қызметі ғимаратына қарулы шабуыл жасалған.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жеке адамдардың барлық жағдайларды білмей, қылмыстық іс туралы көпшілік алдында пікір білдіру жағдайлары бар. Еліміздің белгілі спортшысының Facebook парақшасында М. есімді азаматқа қатысты бұлтартпау шарасын негізсіз қолдануға қатысты мәліметтер жарияланды. Бұл жағдайда кейбір мәліметтерді нақтылағым келеді. Аталған азамат бір топ адаммен бірге Қызылорда қаласының жергілікті полиция қызметі ғимаратына қарулы шабуыл жасап, полиция қызметкерінің басына ауыр жарақат салды деген күдікке ілінді. Атыс нәтижесінде шабуылдаушылардың бірі көз жұмды. Түнде М. есімді ер адам мәйітханаға кіріп, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасауға қатысқанын жасыру үшін қайтыс болған серіктесінің денесін ұрлады. Мұндай күдіктілердің күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертуге жатпайды», - деді Е. Қилымжанов.

Сонымен қатар ол Бас прокуратура тұрақты негізде қамауда отырған адамдарды ұстау жағдайларына тексеру жүргізіп жатқанын айтты. Әрбір күдіктіні жеке қабылдау жүргізіледі, ұстау шарттарына шағым болған кезде – шаралар дереу қабылданады.


Соңғы жаңалықтар