Қызылордадағы ІТ-парк жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ашылған ІТ-парк жастардың стартап-жобаларын әзірлейтін орталығына айналды. Жастар аталмыш орталықта өз жобаларын жүзеге асыру үшін инвестор тарта алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Жолдауында жаңа технологияларды меңгеруге баса назар аудару мәселесі тиісті сала мамандарына жүктелген. Осыған орай, Сыр өңірінде жаңа заман талабына сай жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылып келеді. ІТ-парк сондай игі істің бірі болып табылады. Қазіргі таңда облыста жаңа технологиялардың сырын түсіне білетін жаңа буын өкілдерінің қатары арта түсті.

Қызылорда облысының басшылығы Татарстан Республикасының астанасы - Қазан қаласындағы ІТ-парк қызметін зерделеп қайтқан еді. Мұндай жаңашыл жобаларды Қызылорда облысында да қолға алу мүмкіндігі зерттелді. Бүгінгі таңда бүкіл әлем жұртшылығы көз тігетін жаңа технология саласын меңгерген талантты жастар Сыр өңірінде де аз емес. Талабы таудай таланттарды тоғыстыратын арнайы орталық ашу арқылы олардың жобаларын жүзеге асыруға зор мүмкіндік туатыны белгілі.

«Аталмыш игілікті істі еліміздегі цифрландыру бағдарламасы аясында қолға алып отырмыз. Негізгі мақсатымыз - талантты жастарды қолдау. Қазіргі күндері ІТ-парк арқылы жастарға инновациялық жобаларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндік бар. Мұнда лабороториялық симулятор, 2D, 3D графикалық жобаларды әзірлеуге назар аударылып отыр. Нәтижесінде жобаларды әзірлеу мен өндірістегі қолданысын тестілеуге, ақпараттық-бағдарламалық өнімдер жасап шығаруға, өндіріс және облыс дамуының салаларын автоматтандыруға және оларға қызмет көрсетуге қолайлы жағдай жасалады», - деді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Индира Ақжігітова.

Соңғы жылдарда Қызылорда облысында «HackDay» идеялар фестивалі жүйелі түрде өткізіліп келеді. Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен өткізілетін аталмыш іс-шара өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Фестиваль Сыр өңіріндегі жобалық басқару аясында қолға алынған. Фестиваль барысында оған қатысушылар жаңа идеяларымен бөлісті. Ең қызықты жобаны құрып, жаңа тәжірибеге жол ашатын шара барысында жастардың көптеген жаңашыл істері ел назарына ұсынылды. Ауқымды шара барысында 500-ге тарта жас қатысып, олар ақпараттық технология, кино және видео, контент және медиа-секция бойынша біліктілігін арттырды. Фестивальде ұсынылған көптеген жобалар мамандар тарапынан жоғары бағаланды.

«Биыл Жастар жылының аясында жас буын өкілдеріне көптеген қолдау жасалатын болады. Олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға, өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік жасалып отыр. 2017 жылы «HackDay» идеялар фестивалін өткізу алдында оған 100-ге тарта жас жеткіншектер қатысады деп жоспарлаған едік. Нәтижесінде 500-ге жуық жас өз жобасын ұсынды. Биыл осы шаралардың бірі ретінде бағдарламалау мектебін ашуды жоспарлап отырмыз. Аталмыш мектептің негізгі мақсаты - жастарымыздың білім деңгейін ресейлік оқу бағдарламасы негізінде көтеру болып табылады. Ол мектептің ашылуын 9 наурызға жоспарлап отырмыз», - деді Индира Ақжігітова.
null

Сыр өңірінде ІТ жобалар бойынша көптеген іс-шаралар қолға алынып отыр. Бүгінгі күнге дейін бұл мақсатта 36 іс-шара өткізілді. Оның ішінде 3 meetup, 1 шеберлік дәрісі өткізілді. Сондай-ақ, 19 қысқа мерзімді байқау, 1 ақпараттық қауіпсіздік туралы курс өткізілді. Оған қоса роботехника, 3D модельдеу негізінде курстар жасалды.

Сыр өңірінде жастардың жаңа технологияларды меңгеруіне барынша қолайлы жағдай жасалып кеелді. Облыс әкімінің білім беру гранты бойынша көптеген жастар еліміздің беделді жоғары оқу орындарында білім алып отыр. Білім грантының 70 пайызға жуығы осы мамандықтарға қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар