Қызылордадағы атыстан жарақат алған азаматқа ота жасалып жатыр

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда қаласында болған атыста оқ жарақатын алған азаматқа облыстық Медицина орталығында ота жасалуда. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық Медицина орталығы директорының міндетін атқарушы Қанат Жүндабеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарақат алған азамат орталықтың жансақтау бөліміне жатқызылған.

«Науқас облыстық медицина орталығына ауыр жағдайда жеткізілді. Дереу қабылдау бөлімінен жансақтау бөліміне ауыстырылды. Сол мезетте оған «іш қуысына терең оқ тиген, ішкі ағзалары зақымдалған» деген диагноз қойылды. Дәл қазіргі кезде науқасқа ота жасалып жатыр. Оның жағдайы кейін белгілі болады«», - деді ОМО директорының міндетін атқарушы Қанат Жүндабеков.

Сондай-ақ, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаевтың айтуынша, тапа-тал түстегі атыс оқиғасына 7-8 адам қатысқан.

«Қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне Әйтеке би және Желтоқсан көшелерінің қиылысында бұзақылық болғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетіп, 7-8 адамнан құралған топтың бұзақы әрекеті анықталды. Нәтижесінде қаланың 1 тұрғыны оқ жарақатымен облыстық медициналық орталыққа (ОМО) жеткізілді.

Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 259-бабы, 3-бөлігі, бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда күдіктілер, бұзақылық әрекеттің мүшелері қалалық ішкі істер басқармасына жеткізілді, тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты мәліметтер жария етілмейді», - деді Н.Анарбаев.

Айта кетейік, осыған дейін Қызылорда қаласының орталық көшелерінің бірінде атыс болғаны және оқиғаның бейнетүсірілімі желіге жарияланғандығы хабарланды.

Артынан журналистермен жедел баспасөз мәслихатын өткізген тәртіп сақшылары оқиғаның болғанын растап, оның салдарынан бір азаматтың ауыр жарақат алғанын айтты.

Соңғы жаңалықтар