Қызылордадағы Ан-2 әуе оқиғасына қатысты жаңа деректер жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Ан-2 әуе оқиғасына қатысты жаңа деректерді жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дельта-Юг» ЖШС ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекторынан алынған ақпарат бойынша әуе кемесі жерге толық қонып, тоқтағаннан кейін тұраққа бұрылмақ болған кезде кенет жел тұрып, ұшақ алға қарай ауып кеткен», - делінген министрліктің хабарламасында.

Ведомствоның мәліметіне қарағанда, ұшақ экипажы ешқандай зардап шекпеген. 3 маусым күні экипаж аталмыш ұшақпен Шымкенттегі тұрақты айлаққа ұшып кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша, «Дельта-Юг» ЖШС аталмыш оқиға туралы тиісті орындарға хабарламаған.

«Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі № 505 бұйрығымен бекітілген азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидаларына сәйкес, аталмыш оқиға авиациялық инцидент ретінде тіркеледі. Министрліктің авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру жөніндегі комиссиясы оқиғаның мән-жайын тексеретін болады», - делінген ресми ақпаратта.

Бұдан бұрын «Дельта-Юг» ЖШС Қызылорда облысында болған әуе оқиғасын жасырып қалғаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар