Қызылордада жылу бағасы қымбаттайды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында жылу тарифі қымбаттайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің мамандары бұл ақпаратты растады. Олардың айтуынша, облыс орталығының тұрғындары жылу ақысына бұрынғыдан 1,6 процентке қымбат төлейтін болады. Дәлірек айтқанда, әрбір шаршы метріне 1 теңге 75 тиын қосылып отыр.

Айта кетейік, Қызылорда қаласында жылыту маусымы ауа райына байланысты қазан айының ортасында не қарашаның басында басталады. Ал жаңа тарифтер тек есептегіш құрылғылары жоқ азаматтарға қатысты болады.

«Тарифке өзгерістер енгізуге себептер бар. Биылғы шілде айынан бастап газ бағасы 6,3 процентке қымбаттады. Ендігі кезекте, жылу есептейтін құрылғысы жоқ азаматтар әр шаршы метріне 111 теңге 33 тиын төлейді. Ол бұрын әр шаршы метрі үшін 109 теңге 79 тиынды құрайтын», - дейді Қызылорда облысының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Өтегенова.

«Қызылорда жылу-электр орталығы» энергияның 60 процентін көгілдер отыннан алады.

Қалған шығындар өзгеріссіз қалды. Мамандардың айтуынша, ауыз су және электрмен жабдықтау қызметінің ақысы өзгермейді.

 

Соңғы жаңалықтар