Қызылордада жылқылардың қырылуына байланысты мамандар түсінік берді

None
None
ЖАҢАҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жылқылардың қырылуына байланысты тиісті сала мамандары түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған дерек алғаш 14 тамызда тіркелген. Одан кейін аудандағы Байкенже, Қожакент, Өзгент, Машбек Нәлібаев ауылдарында жылқы малы белгісіз себептермен ауырған. Олардың кейбірі өлім-жітімге ұшыраған.

«Жергілікті ветеринариялық дәрігерлер ауру ошағында болды. Ауырып тұрған жылқылардың клиникалық белгілері нақтыланды. Өлген жылқылардың басын тексергенде гастрофилез құрттары бар екендігі белгілі болды. Кейбір БАҚ-да айтылған 200 бас жылқының өлгендігі анықталған жоқ. Жалпы, ауданда 94 бас жылқы аталған ауруға шалдыққан. Жергілікті ветеринариялық дәрігерлер 29 жылқының өлгенін нақтылады. Қалғанын ветеринар дәрігерлер емдеп жазып шықты», - деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов.

Оның айтуынша, бұл паразитарлық ауруларға жатады. Оған қарсы іс-шаралар мал иесінің өз қаражаты есебінен жүргізілуі тиіс.

«Жылқы гастрофилезі ауру ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы бұйрығымен бекітілген «Жануарлардың және адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарларлан алынатын өнімдер мен шикізатты міндетті түрде алып қою және жою жүргізілетін кездегі жануарлардың аса қауіпті аурулар тізбесіне» енгізілмеген. Сондықтан мал иелеріне өтемақы қарастырылмайды. Тағы бір айта кетерлігі, мал иелері жылқысы ауырып тұрғандығы жөнінде ветеринариялық дәрігерлерге уақытылы хабарламаған. Бұл ауру бөгелек құрттарынан пайда болады. Сондықтан оның алдын алу шаралары жүргізілуі тиіс. Олай болмаған жағдайда бөгелек құрттары жылқы ағзасында ересек құрттарға айналады. Емдік шараларды жүргізу тиімсіз болады. Оның соңы өлім-жітімге соқтырады», - деді Е.Әпетов.


Соңғы жаңалықтар