Қызылордада жыл басынан бері 35 мәрте азық-түлік жәрмеңкесі өткізілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында азық-түлік бағасына деген қолжетімділікті арттыру үшін тұрақты түрде жәрмеңке ұйымдастыру қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, тиісті салалық басқарма мен департамент басшылары, онлайн режимде қала және аудан әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде облыстағы тұтыну бағасының индексі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлардың бағаларын ұстап тұруға бағытталған шараларды саралау мәселелері қаралды.

Облыс бойынша статистика департаментінің басшысы Мәриям Баекееватің айтуынша, өңірде тұтыну бағаларының индексі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106,8% құрады. Азық-түлік тауарларына бағалар - 8,3%, азық-түлік емес тауарларына - 6,7%, халыққа арналған ақылы көрсетілетін қызметтер - 4,9%-ға өскен.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев аймақта бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу механизмі қолға алынғанын атап өтті. Нәтижесінде тұрақтандыру қорында 189,1 млн теңгенің 1161,4 тонна тауары сақталып отыр. Ал 19 әлеуметтік маңызы бар өнімдері бойынша үш айлық қажеттілік 68,3 мың тоннаны құраса, оның жеткізілуі 59,2 мың тоннаны шамалады. Осы қажетті өнім көлемін облыс бойынша қамтамасыз ету үшін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы 1685,4 тонна әлеуметтік маңызы бар өнімдерді жеткізу бойынша келісім алынса, 1900 тонна өнімді мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізу жоспарланды.

Өңірде азық-түлік бағаларына деген қолжетімділікті арттыру үшін жәрмеңкелер ұйымдастыру қолға алынды. Жыл басынан бері тұрғындар үшін тұрақты түрде 35 рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді.

Жиын барысында облыс әкімі азық-түлік бағасының өсуі халықты алаңдатып отырған өзекті мәселе екенін назарға салып, қала және аудан әкімдеріне нанның орташа бағасын 90 теңгеден асырмау қажет екенін қаперге салды.

«Қазіргі уақытта халықты өте алаңдатып отырған өзекті мәселе – азық-түлік бағасының өсуі. Жыл болса аяқталып қалды, желтоқсан айындағы мерекелер қарсаңында әдеттегідей сауда-саттық көлемі ұлғайып, әсіресе азық-түлік бағаларының өсу қаупі болады. Сондықтан осы мәселелердің алдын-алу шараларын қарастыруымыз қажет», - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында қаралған үшінші мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов азық-түлік емес тауарларының бағасына қатысты негізгі көрсеткіштерді тізбеледі.

Биыл азық-түлік емес тауарлардың бағасы өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға өсті. Тұрмыстық, құрылыс тауарларына қарағанда өсім жанар-жағармай бағасында байқалуда.

Аймақ басшысы азық-түлік емес тауарлардың бағалары да жалпы инфляцияға үлкен әсерін ететінін атап өтті. Мәселен, өткен жылғы пандемия кезіндегі карантиндік шаралар уақытша сауда-экономикалық байланыстардың үзілуіне әкеліп, тауар, шикізаттардың тапшылығының салдарынан республикалық нарықта негізсіз баға көтерілуіне әкелді. Әсіресе, жанар-жағармай бағасының өсуі мен тапшылығына байланысты халық арасында шағым айтушылар көп. Осы ретте аймақ басшысы энергетика басқармасының басшысына басты өзгерістерге сай тұрғындарға қажетті түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екендігін тапсырды.


Соңғы жаңалықтар