Қызылордада жүйелі жұмыс жүргізе алмаған басшыларға қатаң ескерту жасалып, сөгіс жарияланды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиында аймақтағы короновирус індетімен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, өңір экономикасының көрсеткіші мен «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасында жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова короновирус індетімен күрес бағытында арнайы жоспар жасап, 3 күн мерзімде бекітуге ұсынуды тапсырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасының жалпы 1,8%-ға төмендегенін атап көрсетті. Облыста жартыжылдықтың қорытындысымен негізгі 6 көрсеткіштің бесеуі бойынша төмендеу тенденциясы орын алған. Құрылыс жұмыстары - 68,2%, инвестиция тарту - 49,5% төмендеген.

Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы жыл басымен салыстырғанда республикалық көрсеткіштен жоғарылаған.

Аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бойынша жыл басынан бері 19 түрлі тауардың 13-інің бағасы өскенін атады.

«Картоп - 63, сәбіз бен пияз - 50 пайызға қымбаттаған. Қыс немесе көктемгі тапшылық кезең емес, нағыз көкөністің пісіп жатқан кезінде бұл не деген сұмдық? Барлық аудандарда баға өсіміне жол берілген, соның ішінде Жаңақорғанда - 7, Арал мен Қызылорда қаласында - 6 түрлі азық-түліктің бағасы көтерілген»,- деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында бағаны тұрақтандыру бағытында жіберілген кемшіліктер үшін Жаңақорған мен Арал ауданы әкімдеріне қатаң ескерту жарияланды. Сондай-ақ, аймақ басшысы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне көкөніс және басқа да әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыруды, негізсіз баға өсімі фактілері бойынша шара қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар, көршілес облыстарға шығып, халықты қолжетімді бағадағы арзан өнімдермен қамтамасыз ету үшін 3 күн уақыт берді.

Статистика бойынша облыста 89 623 га күріш егілген. Оның 8 492 га көлемі - артық. Шиелі ауданы 12 200 га жерге күріш еккені туралы есеп бергенімен, нақты 14 353 га сыр маржанын орналастырып, 2000 гектардан астам жерге артық күріш еккен. Осыған орай, қазіргі уақытта Шиелі ауданындағы 3 шаруашылықтың 720 гектардан астам егілген күрішіне су жетпей, күйіп кеткен.

Өңір басшысы берілген тапсырманы мерзімінде орындамай, күріш көлемін қолдан ұлғайтып, су тапшылығына әкеп соқтырғаны үшін Шиелі ауданының әкіміне сөгіс жариялады.

Кеңейтілген Үкімет отырысында ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін іске қосылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жүзеге асырылуы сынға алынды. Соңғы 6 айда облыста бағдарлама аясында құны 788,6 млн теңгені құрайтын 37 жоба мақұлданған.

Облыс әкімі жобаның басым бөлігі Жаңақорған ауданында жүзеге асып отырғанын айтты. Кей аудандарда әлі күнге бір жоба да жоқтығын сынға алды.

«Арал ауданында бірде-бір жоба жоқ. Бұл мемлекеттік бағдарламаның орындалмағанын білдіреді. Мұхтар Әуесұлы, жоғарыда аталған «қатаң ескертуді» ескере келе, сізге сөгіс жариялаймын. Келесіде көрсеткіш тағы төмендесе, бұдан да қатаң тәртіптік жауапкершілігіңіз қаралатын болады. Бұл барлық басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне қатысты. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелендіру бойынша жұмыс күшейтілсін. Қызылорда қаласы - 10 млрд теңге, ал барлық аудан әкімдіктері - 2 млрд теңгеге жуық межені игеру жұмысын жалғастыруы тиіс»,- деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысы «Жұмыспен қамту жол картасының» жүзеге асырылу барысында да көп мәселе бар екенін айтып, тұрақты жұмыс орындарын көбейтуді тапсырды. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында облысқа 276 жобаны жүзеге асыруға 37 млрд-қа жуық қаржы бөлінген. Бұл қыруар қаражат пандемия уақытында 9300 жаңа жұмыс орнын ашып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып отыр.

Бүгінгі таңда 276 жобаның 270-сі бойынша жұмыс басталған. Жол картасы аясында жұмыс орнын ашу көрсеткіштері Қызылорда қаласында - 39,4 және Арал ауданына - 46,1 пайыз.

Өңір басшысы бардық аудан және қала әкіміне осы айдың соңына дейін ашылған жаңа жұмыс орындарын 50 пайыздан асыруды тапсырды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықты тұрақты жұмыспен қамтудың көзі - бос жұмыс орындары. Бірінші жартыжылдықта 4058 адам ғана жұмысқа орналасқан, ал жылдық жоспар - 13 900 адам болатын. Жоспардың үштен бірі де орындалмаған. Ең төмен көрсеткіш Қазалы, Қармақшы және Сырдария аудандарында болып отыр. Сонымен қатар, жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны - жылдық жоспар бойынша 12 602 болса, одан 7080 орын ғана ашылған. Ең төмен көрсеткіш Қызылорда қаласында - 23%. Нұрлыбек Машбекұлы, Қызылорда қаласы әрқашан да алдыңғы қатарда болуы тиіс, жұмыс жасаңыз»,- деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын жүзеге асыру барысында мемлекет міндеттемелеріне қатысты мәселені жан-жақты зерттеуді тапсырған болатын. Аймақта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 57 жобаның 38-і толықтай іске қосылған. Бүгінгі таңда жобалар бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелердің сомасы - 16,5 млрд теңге.

Аймақ басшысы бюджет шығыстарын оңтайландыру мәселесі Президенттің тікелей бақылауында болатынын ескертті. Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасындағы барлық кемшіліктер түзеліп, жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар елдімекендер сапалы интернетпен қамтылуы тиіс.

«Қызылорда облысында жер қатынастары бойынша геопорталды толықтыру жұмысы 10 пайызға орындалған. «Өңірлік геоақпараттық жүйені» жасау цифрлық технологиялар басқармасына тапсырылған болатын. Жұмысты бастауға бюджеттен тиісті қаржы - 35 млн теңге бөлінген. Геопорталды құруға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланғанымен, әлі нақты тиісті жұмыс басталмаған. Осыған байланысты цифрлық технологиялар басқармасына конкурс нәтижесімен мердігерді анықтап, жыл соңына дейін геопорталды ашуды тапсырамын. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, жаңа оқу жылы басталар алдында 25 тамызға дейін тиісті шаралар қабылдауға тиіспіз»,- деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.


Соңғы жаңалықтар