Қызылордада жол-көлік оқиғаларының саны артқан

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдарда Сыр өңірінде жол-көлік оқиғаларының саны артып кетті. Соның салдарынан жол апатынан қаза болғандар мен зардап шеккен адамдар көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссияның отырысында аталмыш мәселе кеңінен талқыланды. Онда облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Шотаев барлық мемлекеттік органдар соңғы уақытта өсу қарқынымен ерекшеленген қылмыстардың алдын алуға баса назар аудару қажеттігіне тоқталды. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет.

«Соңғы жылдары облыста жол-көлік оқиғасының саны артып кетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғасының саны 20 пайызға өскен. Сондай-ақ, жол апатынан қаза болғандар саны - 11, ал зардап шеккендер саны 22 пайызға көбейді», - деді Серік Шотаев.

Комиссия отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аталмыш мәселе жөнінде ой-пікірін білдірді. Қазіргі таңда облыстық полиция департаментінің материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Алайда, айтарлықтай нәтиже жоқ.

«Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне, уәкілетті органдардың басшыларына әлемдік тәжірибені ескере отырып, қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жол картасын қысқа мерзімде әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмыстардың формальды жүргізілуіне жол берілмесін», - деді облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетелік, 2018 жылдың қазан айында төрт адамның өмірін қиған жол апаты орын алған болатын.

Сондай-ақ, 2018 жылдың қараша айында Қызылорда облысында екі автобус соқтығысып, оқиға орнында үш адам көз жұмған еді.

Соңғы жаңалықтар