Қызылордада жол бойында тоқтатылған көліктен шолақ мылтық пен есірткі тәркіленді

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жол бойында тоқтатылған көліктен шолақ мылтық және патрондар, екі келіге жуық есірткі тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Шымкент - Самара» тас жолының Сырдария ауданы Н. Ілиясов ауылы тұсында жол ережесін бұзған «Лада» автокөлігін тоқтатқан.

«Тексеру барысында көліктен 1 ұңғылы, 12 калибрлі «МР-155» шолақ мылтық, 4 патрон және пакеттерге салынған жасыл түсті зат анықталды. Автокөлік рөліндегі 27 жастағы жүргізуші және 30 жастағы жолаушының Қызылорда облысында тұратыны белгілі болды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Онда аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау жағдайы көрсетілген.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада мал ұрлығымен айналысқан 37 қылмыстық топ қолға түсті.


Соңғы жаңалықтар