Қызылордада жол апатынан 5 адам көз жұмды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қармақшы ауданының орталығы - Жосалы кенті аумағындағы «Оазис» кешенінің тұсында ірі жол апаты болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға барысы былай өрбіген. «Оазис» кешенінен шыққан «Мersedes» маркалы ауыр жүк көлігі «Тоyота» минивен көлігіне жол бермеген. Салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алды. Оқиға салдарынан 4 адам сол жерде көз жұмды. Тағы төрт адам Қармақшы аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұржамал Тұрсынбаева онда тағы бір адамның қайтыс болғанын хабарлады.

«Жол апатына ауыр жүк көлігінің жүргізушісі себепкер болған. Қазіргі таңда оның үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Ол 5-тен 10 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы С.Өтегенов.

Оқиға орнында облыстық жедел жәрдем стансасының 3 шақыру тобы қызмет атқарды. Қазіргі таңда Қармақшы аудандық ауруханасында да облыстан арнайы мамандар барды.

«Төрт азамат жансақтау бөлімінде жатыр. Аудандық ауруханаға облыстық көпбейінді ауруханасынан реанимотолог, нейрохирург, травмотолог тәрізді мамандар аттанып кетті. Қажетті медициналық көмек жасалады», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Е.Ысқақов.

Айта кетейік, жол апатынан көз жұмғандар мен жансақтау бөліміндегі адамдар - Қырғызстан азаматтары.

Соңғы жаңалықтар