Қызылордада жіті ішек инфекциясын жұқтыру 30,5 пайызға артып отыр

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биыл жіті ішек инфекциясын жұқтырудың 281 жағдайы тіркелген. Ол былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 30,5 пайызға артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған ауруға шалдыққан азаматтардың 88 пайызын облыс орталығының тұрғындары құрайды.

«Тіркелген жіті диареяның жартысынан астамы балалардың үлесіне тиеді. Науқастардың 87 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Оның ішінде жоғарғы аурушандық көрсеткіш 2 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген», - деп мәлім етті облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Эпидемиологиялық сауалнама жүргізу барысында ауру жұқтыру себептерінің 80 пайызы тамақ өнімдеріне қатысты.

«Ал, 12 бала күтімінің нашарлауына қатысты туындаған. Ал 8 пайызы жеміс-жидектермен байланысты болды. Облыс көлемінде жыл басынан бері тағам өнеркәсібі, азық-түлік саудасы, қоғамдық тамақтану нысандары, ұйымдасқан ұжымдардың ас блоктарымен байланысты тамақтан улану жағдайы болған жоқ», - деп түсіндірді департаменттен.

Мамандардың айтуынша, күннің жылынуына байланысты жедел ішек инфекциясы ауруының қаупі күрт арта түседі. Себебі ауа температурасының жоғарылауынан сыртқы ортада ауру қоздырғыштарының тіршілік етуіне және көбеюіне қолайлы орта қалыптасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорданың ауыл тұрғындары шыбын-шіркейден тері ауруының таралуына алаңдаулы екенін хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар