Қызылордада жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының жағдайы жақсарды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жергілікті маңызы бар автокөлік жолдардың жағдайы жақсарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-нің бас директоры Замир Сағыновпен кездесті.

Басқосуда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту бойынша мәселелер қозғалды.

Кездесуде аймақ басшысы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайының индикаторлық көрсеткіші жоспарлы 75 пайызға жеткізілгенін атап өтті.

«Мемлекет тарапынан жолдар желісін салу, кеңейту және жөндеу жұмыстарына жыл сайын қажетті қаражат бөлініп келеді. 2020 жылы облыстың жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жақсартуға республикалық бюджеттен 11,8 млрд. теңге қаралды. 2021 жылы төрт мемлекеттік бағдарлама арқылы республикалық бюджеттен 10,8 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен соңғы екі жылда 15,7 млрд. теңге бөлініп, ұзындығы 820 шақырым көше және жолдар желісі жөндеуден өткізілді. Нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайының индикаторлық көрсеткіші жоспарлы 75 пайызға жеткізілді. Өткен жылы ол көрсеткіш 70 пайыз болатын», - деді облыс әкімі.

Басқосуда «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Замир Сағынов биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту бойынша атқарылған жұмыстарды тізбеледі.

Жиын соңында облыс әкімі жол инфрақұрылымын жақсартуда жоспарланған жұмыстарды бірге атқаратынын атап өтті.

Бұл саланың ерекше бақылауда екенін жеткізді.

Сондай-ақ, жол құрылысы сапасына немқұрайлы қарайтын мердігер компанияларды заң жүзінде жауапкершілікке тартуды қатаң ескертті.

Айта кетейік, облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3397 шақырымды құрайды.

Оның 1016 шақырымы - республикалық, 557 шақырымы - облыстық, 1824 шақырымы - аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.

Еске салсақ, Қызылорда облысында Жапония үкіметінің бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.


Соңғы жаңалықтар