Қызылордада жергілікті бюджеттің төртінші деңгейін енгізу тетіктері қаралды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиында жергілікті бюджеттің төртінші деңгейін енгізу мәселесі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында аталған мәселе туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова сөз сөйледі.

«Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі қаржылық дербестігін кеңейту мақсатында ауыл әкімдеріне жергілікті өзін-өзі басқару органдарының кіріс көздерін қалыптастыру және қолма-қол  ақшаны бақылау шоттарын ашу құқығы беріледі. Бұл бағытта жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол бақылау шоттары барлық 146 ауылдық әкімдікте ашылады. Биыл 10 ай ішінде жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына 736 млн теңге көлемінде қаражат түсті, оның ішінде салықтың 6 түрі бойынша 720,2 млн теңге түсім жиналды. Айтылған уақыт ішінде жергілікті қоғамдастық мәселелерін шешу үшін 534,9 млн теңге жұмсалды»,- деді С.Құлымбетова.

Белгілі болғанындай, жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде 2018 жылдан бастап халық саны 2000 адамнан астам (66 елді мекен) әкімшілік аумақтық бірліктерде дербес бюджет енгізілетін болады. Ал, 2020 жылдан бастап (88 елді мекен) халық саны 2000-нан төмен жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4 -деңгейі енгізілетін болады.

Басқарма басшысы биылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы бойынша кешенді іс-шаралар қабылданып, жұмыстардың атқарылып жатқанын айтты.

Оның айтуынша, тегін жұмысшы мамандығын алу бойынша бірінші мақсатты тапта негізгі орта білімі бар жастар қамтылса, екінші мақсатты топқа кәсіби білімі жоқ, колледждер мен жоғары оқу орындарынан оқудан шығып қалған жастар тартылады. Мәселен, үстіміздегі жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 3008 орын, республикалық бюджеттен 1515 орын, барлығы 4603 орын мемлекеттік тапсырыс негізінде 9 және 11 сыныпты бітіруші түлектер тегін жұмысшы мамандығын алуға мүмкіндік алған.

Аппарат мәжілісінде тағы да басқа бірнеше мәселе қаралды. Жиынды қорытқан облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов күн тәртібінде көтерілген мәселелерге қатысты тиісті сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне облыс әкімі тарапынан тапсырылған бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Еске салсақ, Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді  тапсырған болатын. 

Соңғы жаңалықтар