Қызылордада «Жастар үйінің» ғимараты пайдалануға берілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қызылордада республикада бірінші болып заманауи үлгідегі «Жастар үйі» салынып, пайдалануға берілді.

Бұл игі шараға облыс әкімі Б. Қуандықов пен қала әкімі М. Жайымбетов қатысты.

Тағдырдың жазуымен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарды «Жас жеткіншектерді әлеуметтік бейімдеу орталығы» өз қамқорлығына алған. Бүгінде бес қабатты «Жастар үйінің» әрқайсысы 4 бөлмелік 5 секциядан тұратын бірінші қабатында 16-23 жас аралығындағы жеткіншектер қоныстанған. Мұндағы пәтерлер саны 47 орынды құрайды. Олардың мұнда толыққанды отбасындағы балалардай өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Арнайы киім үтіктейтін және кір жуатын бөлмелер де бар.

Айта кетейік, «Жастар үйінде» тұрып жатқан әр баланың тамақтануына мемлекеттен ай сайын 12 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Осы қаржыға «Жастар үйінің» қазіргі тұрғындары азық-түлік өнімдерін бірлесіп сатып алып, асханада кезекшілікпен ас әзірлеп, бірге тамақтануды әдетке айналдырған. Орталықта тәрбиеленіп жатқан жастардың қаладағы қоғамдық-мәдени іс-шараларға, спорттық жарыстарға қатысуына ерекше мән берілген. Осы ретте, жастарды қала ішінде тасымалдауға облыс әкімінің Президент күні қарсаңында сыйға тартқан «Газель» автокөлігі таптырмас көмекші болып отыр. Сондай-ақ, тәрбиеленуші жастар қолөнер, сурет салу үйірмелеріне қатысып, музыкалық студияда жұмыс жасай алады. Қазіргі уақыттың өзінде құрамы 6 баладан тұратын «Жастар» ансамблі де құрылып үлгерген. Ансамбль жаңа жыл мерекесіне қызу дайындық үстінде. Ал, 2-5 қабаттардағы бір бөлмелік 65 пәтерде 23 пен 29 жас аралығындағы жастар орналасуда. Олардың қатарында жас отбасылар да бар.

Соңғы жаңалықтар