Қызылордада жастар форумы өтті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада «Qyzylorda: ұлы мұрат жолында» атты жастар форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәстүрлі форумға мектеп оқушылары мен студенттер, жас мамандар, сондай-ақ белсенді санаттағы өзге де жастар қатысты. Аймақтағы халықтың 24 проценті - 14-29 жас аралығындағы жастар. Олардың саны 190 мыңнан асып жығылады. Соның ішінде экономикалық тұрғыдан белсенділері - 110 мыңнан астам. Айта кетейік, Қызылорда облысында жалпы 700 мыңнан астам адам тұрады.

Өңір басшысы Қырымбек Көшербаев форум қатысушыларын 2019 жылдың ресми түрде «Жастар жылы» деп жариялануымен құттықтады.

«Елбасымыз осы жылғы Жолдауында жастарды қолдауға арналған шараларды қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруды тапсыра отырып, 2019 жылды «Жастар жылы» деп айқындауында да ерекше мән бар. Өйткені, Елбасы Мәңгілік елдің жастарын, сіздерді ел мұраты үшін қызмет ететін тұлға ретінде көргісі келеді. Бұл артылған сенім баршамызға зор міндет жүктейді. Ал сенім үдесінен шығуға сіздердің әлеуеттеріңіз де, сіздерге көрсетілетін қолдау да жеткілікті»,-деді облыс әкімі.

Қызылорда облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша, жастарға білім беру және жұмысқа орналастыру, сондай-ақ олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Өңірде мемлекеттік жастар саясатын дамыту бойынша 2021 жылға дейінгі Жол картасы әзірленді. Құжатта жастардың өзекті мәселелері - жұмысқа орналасу, тұрғын үй, білім беру, бос уақытты тиімді пайдалану және басқа да мәселелерді шешу бойынша шаралар қарастырылған. Сонымен қатар, 60-тан астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.

Айта кетейік, Қызылорда облысы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру бойынша көшбасшылардың қатарында.

Сонымен қатар, республикада алғашқылардың бірі болып аймақта еңбек ресурстарының балансы (қоры) әзірленіп, еңбек нарығындағы сұраныстар мен қажеттіліктерге орай жыл сайын жаңартылып отыр. Сондай-ақ, Сырдарияның сол жағалауынан мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында жастарға қызмет көрсету орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.

Облыста - сандық технологиялар мен инновациялық өндірістерге түлектерді оқыту басым мәнге ие. 2014 жылдан бастап Сырдың талапты да талантты мектеп түлектері үздік отандық және ресейлік жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алуда. Үстіміздегі жылы алғашқы 74 жас маман Ресейдің алдыңғы қатарлы инженерлік оқу орындарының дипломдарын алып, елге оралды. 29 маман аймақтың түрлі өнеркәсіптерінде қызметтерін бастады және 45-і магистратурада оқуларын жалғастыруда.

Биылғы жылдан бастап ауылдық жерлердегі аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан дарынды балаларға арналған облыс әкімінің білім гранттарының саны 2 есеге артты. Олардың саны 200-ге дейін жеткізілді, 70 проценті IT-мамандығына бөлінген. Келесі жылы гранттар 75 процентке дейін артады. Осылайша, бүгінгі таңда грант иегерлері 900-ге жуықтады.

«Осымен екі жыл қатарынан қызылордалық мектеп бітірушілердің 97 проценті жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсіп отыр. Биылдың өзінде олардың 70 проценті жоғары оқу орындарына, 27 проценті орта арнаулы оқу орындарына оқуға түссе, 57 проценті мемлекеттік білім гранты иегерлері. Міне, осы көрсеткіштермен біз мақтана аламыз!» - деді аймақ басшысы.

Форумда аймақтың белсенділері сөз сөйледі. Олар өздерінің жетістікке жету жолдарымен бөлісті.

Сондай-ақ облыс әкімі бірқатар жасты алғыс хаттармен марапаттады.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қызылордада жастар еңбек жасақтары белсенді қызмет атқарып келеді

null 

null 

Соңғы жаңалықтар