Қызылордада жасөспірімдер арасында қылмыс өршіп тұр

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында қылмыс өршіп тұр. Былтыр Жаңақорғаннан өзге аудандардың барлығында олардың қатысуымен болған қылмыс саны 3-4 есеге артып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш мәселе облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссияның отырысында таразыланды. Онда кәмелет жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау талқыланды.

«Былтыр елімізде кәмелет жасына толмағандар жасаған қылмыстар 6 пайызға төмендеген. Ал бізде керісінше жағдай орын алған. Облысымызда бұл көрсеткіш 57 пайызға (86-дан 135-ке) өсіп отыр. Облыстың барлық ауданында жасөспірімдер жасаған қылмыстар 3-4 есеге артқан. Ол Жаңақорғаннан өзге аудандардың барлығында кездескен. Бұл жағдайды да статистика қоғамдық тәртіпті бұзу бойынша барлық көріністердің есепке алынуымен байланысты деп бізді сендіруге тырысады. Алайда, біз олай санамаймыз. Бұл тиісті мемлекеттік органдарының кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактика бағытындағы жұмыстарының тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын көрсетеді», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Комиссия отырысында жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Ибраев пен облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Шынтасов құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша облыста жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Атап айтсақ, оқушылар мен студенттер арасында түрлі іс-шаралар, ал оқу орындарының қызметкерлерімен семинар-кеңес өткізіліп келеді.

Комиссия отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қабылданған шаралар тиісті нәтиже бермей отырғандығын атап өтті.

Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтары жөніндегі комиссияның жұмыс форматын жедел түрде қайта қарап, шетелдік тәжірибелер зерделеніп, жандандыру қажеттігіне тоқталды.

«Биыл алғашқы жартыжылдық бойынша бұл бағыттағы жұмыстар талданатын болады. Оның қорытындысымен тиісті әкімдердің есебі тыңдалатынын ескертемін», - деді аймақ басшысы.

Бұдан бұрын Қызылордада мектеп дәретханасында оқушылар құрдастарын соққыға жыққаны жөнінде хабарланды.

Соңғы жаңалықтар