Қызылордада жаңажылдық безендіруге 4,6 млн теңге жұмсалады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында жаңа жылдық безендіру шараларына қалалық бюджеттен 4,6 млн теңге жұмсалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Қызылорда қаласында жаңажылдық шыршаның шамы жағылды. Аталмыш шара барысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өз лебізін білдірді. Сыр өңірі жұртшылығына толағай табыс тіледі. Жаңажылдық шыршаның шамын жағу рәсімінде ол құрметке республикалық «Men qazaqpyn» мегажобасының жеңімпазы Күнсұлу Түрікпен, парадзюдодан 2018 жылғы әлем чемпионатында алтын алған Олжас Оразалыұлы ие болды. 

Қала әкімдігінің хабаралуынша, Жаңа жыл мерекесінде Қызылорда қаласында жылдағы дәстүрге сай шырша тігу, безендіру жұмыстары жүргізіледі. Мерекелік шырша орталық алаңнан бөлек Жібек жолы көшесі, Теміржол вокзалы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион және Ы.Жақаев көшесі бойында бой көтереді.

Қызылорда қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қызылорда қаласындағы Жібек жолы даңғылы, Желтоқсан секілді негізгі көшелердің бойы, аллеялар және орталық алаң секілді көпшілік орындар жаңа жылдық ою-өрнектер мен ертегі кейіпкерлері бейнесінде светодиотты безендірулер, тақырыптық үгіт-насихат құралдары (билборд) секілді дүниелермен толықтырылады.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында түрлі шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жылдағы дәстүрге сай 31 желтоқсан күні орталық алаңда мерекелік концерт және отшашулар ұйымдастырылады. Мереке қарсаңында тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлық көрсетуге де назар аударылмақ. 

Соңғы жаңалықтар