Қызылордада «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты шара өтті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел үшін Рухани сілкініс жасаған тың бастама болғанын жеткізді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі - «сананың ашықтығы». Осы мақсатта талантты да талапты балаларымыздың заманауи білімді игеруі, өркениет талаптарына сай болуы үшін барынша жағдай жасалуда. Былтыр бағдарламаның ішіндегі «100 жаңа оқулық» арнайы жобасы бойынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен республикада «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры құрылғаны белгілі. Бүгінгі күні қоғамдық қор гуманитарлық ғылым саласындағы үздік 100 оқулықты таңдап, оларды қазақ тіліне аударып жатыр. Алғашқы 18 кітап оқырман қолына тиді», - деді облыс әкімі.

Аталмыш жоба бойынша 300-ден аса адам жұмыс жасауда. Атап айтқанда, ғалымдар, оқытушылар, аудармашылар, беттеушілер, контент жасаушылар, программистер.

Өз кезегінде «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы басты мақсат - барлық кітаптарды өз бетімен аударып шығару емес, осы жобаға атсалысатын ортаны жұмылдыру екенін айтты.

"Оны жекелеген ұйым өз бетімен атқара алмайды. Өйткені, аударма - күрделі де ауқымды шығармашылық жұмыс. Аударма жұмысы басталмас бұрын, барлық жоғары оқу орындарынан зәру, мамандыққа қажетті оқулықтарға сұрау салынған. 800-ден астам оқулықтың тізімі іріктелді. Ал, аударылатын оқулықтарға қойылатын талаптың бірі - ол белгілі бір идеялардан бейтарап болу. Осы және тағы бірнеше қойылған критерийлер негізінде 18 оқулық іріктеліп алынды. Әрқайсысы 10 мың данамен шығарылған кітаптар, бүгінде оқу орындары мен кітапханаларға тегін таратылды», - деді ол.

Аталмыш шара барысында қатысушылар тарапынан сан алуан сауалдар қойылды. Оған «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросының» редакциялық алқа мүшесі Шерубай Құрманбайұлы жан-жақты жауап берді.

Соңғы жаңалықтар