Қызылордада заңсыз жұмыс істеген дәріханадан ірі көлемде дәрілер тәркіленді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада заңсыз медициналық қызмет көрсеткен дәріханадан ірі көлемдегі дәрілік заттар тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрі-дәрмектерді қымбат бағада сатушылардың және алыпсатарлардың жолын кесу мақсатындағы облыстық прокуратура және мобильді топтардың жұмысы ұйымдастырылды.

Облыста қызмет көрсететін 328 дәріхана назарға алынды. Бұл орындардағы түрлі тәсілдермен дәрілік заттарды сатушыларды анықтау жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі күнге дейін дәрі-дәрмекті қымбат бағада сатқан 33, елімізде тіркелмеген дәрілерді сатқан 4 дәріхана мен 4 жеке тұлға анықталды. Оған қоса арнайы рұқсатсыз және тиісті тіркеусіз жұмыс істеген 1 дәріхана мен 2 жеке тұлға және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан 17 жеке тұлға жауапқа тартылды.

«Қызылорда қаласында фармацевтикалық қызметтің рұқсатынсыз (лицензия), кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелместен дәрі-дәрмек сатқан және қосымша заңсыз медициналық қызмет көрсеткен дәріхана анықталды. Аталған дәріханадан 517 түрлі 9,5 мың дәрілік заттар алынды. Сот қаулысымен дәріхана иесіне 223 мың теңге айыппұл салынды. Дәрі-дәрмектер мемлекет пайдасына тәркілеуде. Жалпы мобильді топтар 566 түрлі 10 мың қорап препарат пен 2,5 мың қорғаныш маскасын алып, медициналық ұйымдарға берді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық прократурасынан.

Сондай-ақ, Қызылорда облысында дәріханаларға қоғамдық бақылау күшейтілді.


Соңғы жаңалықтар