Қызылордада заңсыз ойын бизнесіне қатысты бес қылмыстық іске үкім шықты

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада заңсыз ойын бизнесіне қатысты бес қылмыстық іс бойынша сот үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл қылмыстық істер Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тарапынан жүргізілді.

Алғашқы қылмыстық істе Қызылорда қаласының 58 жастағы тұрғыны тартылған.

Ол биылғы жылдың шілде-тамыз айларында пайдакүнемдік ниетпен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған.

Сол мақсатта жалға пәтер алып, 6 компьютер құрылғысын орнатып, бәс тігу жолымен құмар ойындарын ойнатқаны анықталды.

Сондай-ақ, қаланың тағы бір ауданында жалға алған ғимаратта тағы бір азамат 15 дана компьютер құрылғысын орнатып, ғаламтор желісін пайдалану арқылы интернет-казино құмар ойынын ойнатқан.

Ал осы жаз айларында 42 жастағы тұрғын Қараманов көшесінен жалға алған мекен жайда ғаламтор желісін пайдаланып «superomatic», оның ішінде «рулетка», «покер», «блек джек» ойындарын ойнатумен айналысқан.

Оған қоса бір азаматша жалға алған екі қабатты ғимаратқа 30-дана процессор мен 17-дана монитор орнатып заңсыз қызметін бастаса, Қазбек Сәрсембеков атты қала тұрғыны да 10 компьютермен 6 ай бойы осындай заңсыз жұмыспен айналысып келген. Тергеу кезінде бесеуінің де күнделікті еңбек ақы төлеп, оператор-кассирлерді жұмысқа алғаны белгілі болды.

«Аталған азаматтардың ойнатқан ойын түрлері сот компьютер-технологиялық сарапшылар қорытындысымен толық расталды. Қылмыстық әрекеттері олардың мойындауымен, куәгерлер жауабымен және жасырын бақылау хаттамасымен толық дәлелденді. Қызылорда қалалық №2 соты аталған азаматтарды ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп таныды. Олардың үшеуі 200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады. Ал А.екеуіне 200 (екі жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде – 612 600 (алты жүз он екі мың алты жүз) теңге айыппұл жазасы тағайындалды. Сондай-ақ,бес ойын орынынан алынған 66 дана процессор, 57 дана монитор, 6 модем, 3 хаб және кассадан алынған 156420 теңге ақша қаражаты мемлекет пайдасына кірістелген», - деді облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінен.


Соңғы жаңалықтар