Қызылордада заңсыз ойын бизнесін жүргізген әйел жазаға тартылды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада заңсыз ойын бизнесін жүргізген әйел жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық азаматша өткен жылдың мамыр айында Қызылорда қаласында интернет-казино ашып, заңсыз ойын бизнесін жүргізген. Осы мақсатта облыс орталығында орналасқан Қазыбек би көшесінің бойындағы көп қабатты үйден пәтер жалдап алған. Онда қойылған 8 компьютерді интернет желісіне қосып, екі танысын келушілерге қызмет көрсетуші ретінде жұмысқа тартқан.

«Сот компьютерлік-техникалық сараптамасы алынған компьютерлерге «Superomatic» бағдарламасын қосу арқылы онлайн ойындар сайтына қолжетімділік қамтамасыз етілгенін анықтады.

Азаматшаның заңсыз әрекетін облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлері әшкереледі. Ойын орнынан 8 компьютерлік жүйе мониторы, 3 модем, бейнекамера, желілік хап және кассадағы 23 мың теңге тәркіленді.

Есеп құжаттарына жүргізілген бухгалтерлік және қаржы бюджеттік зерттеу негізінде заңсыз қызметтен 8 млн 190 мың теңге пайда тапқаны анықталды. Бұл ірі мөлшерге жатады.

Сот барысында азаматша өз кінәсін толықтай мойындады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінен.

Ведомство мәліметінше, Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен азаматша ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы 2-бөлігі 3-тармағымен екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында жалған несие құжатымен елді алдаған әйел сотталды.


Фото: dreamstime.com


Соңғы жаңалықтар