Қызылордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылар жазаға тартылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушыларға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі ойын орнына қатысты заңсыз бизнес ісі Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде тіркелген.

«Алғашқы оқиға бойынша О. Цой заңсыз ойын мекемесін ашқан. Бұл мақсатта букмекерлік кеңсе атынан ғимаратты жалға алған. Онда 9 дербес компьютерді интернет желісіне қосқан. Сараптама қорытындысында ол желілік блоктарды пайдалану арқылы арнайы бағдарлама қолданғаны анықталды. Сол арқылы онлайн ойындар сайтына кірген. Букмекерлік кеңсе орнында қызмет көрсететін персонал ретінде үш адамды осы заңсыз қызметке тартқан.

Екінші Қ. Наурызбаев жалға алған пәтерде «электронды рулетка» ойын құрылғысын орнатқан. Екі кісіні кассир қызметіне, екі кісіні күзетші ретінде жұмысқа қабылдаған», - деп мәлім етті департаменттен.

Ведомство мәліметінше, олардың біріне 1 000, екіншісіне 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды.

Айыппұлды төлеуге бір ай мерзім белгіленді. Жалтарған жағдайда айыппұл мәжбүрлі түрде өндіріледі.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада санитарияны сақтамаған асханаларға 1,4 млн теңге айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар