Қызылордада заманауи ет комбинаты салынады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биыл Қызылорда қаласында заманауи ет комбинатын салу жоспарланып отыр. Оның қуаты күніне 200 мүйізді ірі қара және 1000 уақ мал союға жетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінге дейін аймақта халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинаты болған жоқ. Соның салдарынан малды шетелге тірідей жіберуге тура келді. Кей жағдайда ол өнімдер өзге облыстардың ет комбинаттары арқылы экспортқа шықты.

Қызылорда облысында соңғы 6 жылда экспортқа шығатын өнім түрлері 15-ке жетті. Бұрынғы жылдарда небәрі 3 түрлі өнім экспортқа шығатын.

«Тек соңғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 27 пайызға өсті. Оның 97 пайызы - өңделген өнімге тиесілі. Алға қойған міндетіміз - шикізат өңдеуді қамтамасыз ету және сыртқы нарыққа сапалы дайын өнім шығару. Облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі экспортқа шығатын өнімдердің тізімі тек соңғы 6 жылда 15-ке жетті. Бұл біздің мүмкіндігіміздің шегі емес, облыстың экспорттық әлеуеті өте ауқымды», - деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.

2016 жылы көп жылдардан бері алғаш рет бақша өнімдерін экспорттау ісі жаңғырды, 2017 жылы Біріккен Араб Әмірлігіне, Иран, Моңғолия және Өзбекстанға көкөніс пен мал экспорттала бастады. Ал 2018 жылы Қытайға алғаш рет мақсары майы жөнелтілді.

2017 жылы облыс еңбеккерлері экспортқа 2,2 мың қой жөнелтті. 2018 жылы бұл көрсеткіш 4 есеге артып, 8191 бас мал Ресей Федерациясы мен Иранға жөнелтілді. Сонымен қатар, жергілікті шаруалар алғаш рет ірі қара малды сою арқылы экспорттай бастады.

Соңғы жаңалықтар