Қызылордада волонтерлер төтенше жағдайдың алдын алу шараларына қатысты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада Волонтер жылына орай еріктілер #Игіістеруақыты бастамасымен төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарына атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы ұжымдары қатысты.

Департамент пен филиал қызметкерлері дарияның Қызылорда қаласының тұсындағы қауіпті саналатын 5 аумақтың бірінде жағалау нығайту жұмыстарына көмектесті. Кеңсе қызметкерлері қапқа топырақ толтырып, олардан бөгет жасады. Бұл жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асуына төтенше жағдай саласының мамандары жетекшілік етті.

«Волонтерлік бізге жат емес. Халқымызда ата-бабамыздан келе жатқан асар жасау, жылу жинау, ерулік беру секілді ізгі дәстүрлер бар. Биыл Еріктілер жылы аясында қоғамға пайдалы шаралар жасалуда. Біз де сол игі іске қолдау көрсеттік. Еріктілер білім, медицина, мәдениет, спорт, экология, әлеуметтік қайырымдылық және басқа да бағыттарда көмек көрсетуде», - дейді департамент басшысы Нұрман Талқанбаев.

Естеріңізге сала кетелік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан еріктілер жылы аясында еліміздегі мемлекеттік қызметшілер арасында #Игіістеруақыты бастамасы бастау алған еді.



Соңғы жаңалықтар