Қызылордада Волонтер жылы аясында форум өтті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданында Волонтерлер жылы аясында Жалағаш ауданы білім саласының «Біз біргеміз – берік іргеміз» атты аудандық форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форум аясында жастар көптеген жобаларды елдің назарына ұсынды. Солардың бірі - №38 орта мектеп оқушысы Мәди Бижан «Таза әлем» жобасымен тұрмыстық қалдық өнімдерін жинау арқылы тазалыққа бей-жай қарамайтын волонтерлар тобының жұмысы жөнінде айтып берді. Ал Дидар Өмірзақ «Қауіпсіз жол» акциясы негізінде, Аружан Нұрадин «Саулық» бағыты бойынша денсаулық сақтау саласымен бірлесіп жасалып жатқан «Салауатты өмір салтын сақтайық» акциясы жайында әңгімеледі.

Ауданда №201 мектеп-лицейіде Нәзия Еркінқызы басшылық жасайтын волонтерлар тобы оқушылар қолынан жасалған қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырып, одан түскен қаржыға ерекше білімді қажет ететін оқушылардың туған күніне, мерекелік қайырымдылық жасауға мән береді. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар, орман шаруашылығы мекемелерімен бірлесіп қауіпті аймақтарға белгілер ұйымдастырып келе жатқан волонтерлар тобы атынан Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей оқушысы Инабат Тыныштықбай сөз сөйлеп, бейн-ролик арқылы жүргізілген жұмыстарын көрсетті.


Форумда аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық білім басқармасының тәрбие және өзін-өзі тану бөлімінің басшысы Мәди Бекмағанбетов сөз сөйлеп, белсенді жастарға сәттілік тіледі. Форум соңы Волонтерлар жылының эстафетасын Жалағаш ауданынан Сырдария ауданына табыстауымен қорытындыланды.

Бұдан бұрын Қызылордада «Көмек еріктілері» клубы құрылған еді.


Соңғы жаңалықтар