Қызылордада ұлттық спорт түрлерін дамыту жолға қойылған

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ұлттық ат спортын дамыту бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімдігінде өңірде ұлттық ат спорты түрлерін дамыту бойынша өткізілген мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан қатысты.

Басқосу барысында Бекболат Қанайұлы қалың қазақ ұйысқан аймақта ұлттық ат спортын дамытуға мүмкіндік мол екенін атап өтті. Десе де алдағы уақытта елімізде Қызылорда облысының алдыңғы қатардан көріну үшін ұмтылыс қажет.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспановтың айтуынша, өңірде көкпар, аударыспақ, жамбы ату және теңге ілу секілді спорт түрлерімен айналысатын азаматтардың қатары көбейді. Атап айтқанда, көкпардан 850 спортшыға 27 бапкер тәлім беріп жүр. Ал аударыспақта 5 маман 190 адамға ұлттық сайыстың қыр-сырын үйретіп келеді. Сондай-ақ, жамбы ату мен теңге ілуге де қызығушылық білдірген жастардың саны жылдан-жылға көбейіп отыр.

«Өңірде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, ұлттық және ат спорты клубында 8 маман 161 спортшыға тұрақты оқу-жаттығу процесін жүргізеді. Қызылорда қаласы мен Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарында жастардың көкпар, аударыспақ, теңге ілумен шұғылдануына барлық мүмкіндік жасалған. Биыл аударыспақ пен жамбы атудан қызылордалық Бекмұрат Оразбек пен Ғалымжан Өміртай еліміздің ұлттық құрамаларына қабылданды. Жастардың арасында спорт шебері атағына қол жеткізгендер қатары артып келеді», - деді басқарма басшысы.

Облыста ұлттық ат спортын дамыту мақсатында 2010 жылдан бастап ауыл спортшыларының арасында көкпар, аударыспақ, теңге ілуден «Алтын күз» облыстық спартакиадасы тұрақты өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар