Қызылордада тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға баспана берілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында көпбалалы тұрмысы төмен отбасыларға арналған 100 тұрғын үй ел игілігіне берілді. Аталмыш тұрғын үй кешені «Бәйтерек» шағын ауданында бой көтерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, аталмыш тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстары сәуір айының алғашқы күндерінде басталған еді. Жалпы саны - 150 тұрғын үй. Аталмыш үйлердің 149-ы тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға берілсе, біреуінде халыққа қызмет көрсету орталығы орналасады. Оның ішінде 50-і жергілікті бюджет есебінен бой көтерген, ал 100 үйді «Болат Өтемұратов» қайырымдылық қоры есебінен ел игілігіне беру жоспарланған.

Жергілікті басшылық тарапынан баспанаға мұқтаж, тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар іріктеп алынды. Олардың арасынан 149-ы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы есебінде баспана алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Бүгінгі баспаналы болған шаңырақ иелерінің қатарында 7-10 балалы отбасылар аз емес.

«Соңғы жылдары Қызылорда облысы қарқынды құрылыс аймағына айналды. Бізде тұрғын үй құрылысын дамыту бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылды. Айта кетерлігі, соңғы алты жылдың ішінде облыс орталығында 15 шағынаудан пайда болды. Қаншама адам баспанаға қол жеткізді. Бұрынғы жылдарда біздің өңірде мұндай деңгейде қарқынды құрылыс болған емес. Биыл сондай қуанышты жаңалық Сырдария өзенінің сол жағалауындағы аймақта жалғасады. Біз онда көпқабатты 13 тұрғын үйді салып бітіреміз деген жоспарымыз бар. Нәтижесінде 2,6 мыңнан астам отбасы үлкен қуанышқа кенеледі. Назар аударарлық нәрсе - 2013 жылы Сыр өңірінде 230 мың шаршы метр баспана бой көтерген. Биылғы межеміз - 800 мың шаршы метр. Сондай-ақ, бүгінгі игілікті іс қоғам қайраткері Болат Өтемұратовтың қаржылай қолдауымен «Бала мекен» жобасы аясында аз қамтамасыз етілген көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында қолға алынған еді. Сол ізгі істің алғашқы нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Екі айға жуық уақыт ішінде рекордтық көрсеткішпен 100 баспананы тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға бергелі отырмыз. Бұл шара Балаларды қорғау күні қарсаңында өткізіліп отыр», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Жұртшылық алдында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыста аз қамтамасыз етілген көпбалалы отбасыларға арналған 431 пәтердің құрылысына бюджеттен қаржы бөлінген. Ал жыл соңына дейін 588 пәтер көпбалалы отбасыларға берілетін болады.
null

«Бес жылдан бері «Болат Өтемұратов» қайырымдылық қоры» осы бағытта нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Қордың құрылтайшысы Болат Өтемұратов өз тарапынан көпбалалы отбасыларды қолдау бағытында нақты істер атқарды. Сондықтан біздің қорымыз Қызылорда облысы әкімдігімен біріге отырып, биыл Сыр өңірінде «Бала мекен» жобасын жүзеге асырды. Бұл мақсатта 450 млн теңгеден астам қаржы бөлді. Сол жобамыздың табысты іске асқанына қуаныштымыз», - деді «Болат Өтемұратов қайырымдылық қоры» қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмас Шарман.

Бүгінгі салтанатты шарада 7 баланың анасы Вера Жүсіпова өз қуанышымен бөлісті.

«Бізге қамқорлық көрсеткен барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Мұнда барлық жағдай жасалған. Жарық, су, газ, телефон байланысы - барлығы өз шешімін тапқан. Менің тұрмыс жағдайыммен танысып, осындай қамқорлық көрсетіп жатқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға лайықты қолдау көрсетіліп келеді». - деді Вера Жүсіпова.

Айта кетерлігі, жеке тұрғын үй құрылысына арналған «Бәйтерек» шағынауданы 2016 жылы бой көтерді. Онда 6 мыңнан астам адамға 10 сотықтан жер берілген. Барлық қажетті инфрақұрылым тартылды. Ал аталмыш шағынаудандағы «Бала мекен» жобасы аясында салынатын тұрғын үйлердің жалпы аумағы - 6500 шаршы метр. Алдағы жылы бұл аумақта мектеп пен балабақша құрылысы бой көтеретін болады. Тағы бір ескерерлігі, Қызылорда облысы өзге өңірлермен салыстырғанда көп балалы тұрмысы төмен отбасыларға арнап салынған тұрғын үй кешенін алғашқы болып пайдалануға беріп отыр.
null

null

Соңғы жаңалықтар