Қызылордада түрмеге емдік шайдың орнына салынған есірткі өткізілмек болған

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылордада түрме қызметкерлері «ерекше» сәлемдемені анықтады. Жазасын өтеушіге емдік шайдың орнына салынған есірткі өткізілмек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесi департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №60 мекемеде жазасын өтеп жатқандарға келген сәлем-сауқаттарды қабылдау барысында қызметкерлер «ерекше» сәлемдемені тауып алған. Атап айтқанда, 35 қалташадағы емдік шай қалташаларының құрамы алмастырылып, орнына ұнтақ тәріздес әрі ерекше иісі бар зат салынған болып шықты.

Бұл дерек жедел түрде «102» арнасына хабарланып, мекемеге Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақыртылды. Тыйым салынған зат тәркіленіп, сот-химиялық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысымен күдік тудырған ұнтақтың 47 гр кептірілген марихуана екені анықталды.

Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 297-бабының 1-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Фото: Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД


Соңғы жаңалықтар