Қызылордада түркітілдес елдер жастарының халықаралық фестивалі өтеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында түркітілдес елдер жастарының халықаралық фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркі әлемін тоғыстырған - Сыр елі» аталатын фестиваль 19-21 қыркүйек күндері Қармақшы ауданындағы «Қорқыт Ата» мемориалдық кешенінде болады.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде өткізілетін шара тұңғыш рет қолға алынып отыр.

«Халықаралық шараның басты мақсаты - түркітілдес елдер жастарының қарым-қатынасын нығайту, ортақ тарих пен құндылықтарын насихаттау, жастар саясатында оң бастамалар бойынша тәжірибе алмасу. Оған еліміздің барлық өңірімен бірге Түркия, Татарстан, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінен шығармашыл және өнерпаз жастар қатысады деп күтілуде», - дейді шараны ұйымдастырушылар.

Сыр өңірінде түркі жұртына ортақ тарихи қалалар бар және осы жерден белгілі тұлғалар шыққан. Жанкент шаһары кезінде оғыздардың астанасы болса, түркілердің ортақ абызы - Қорқыт бабаның мәңгілік дамыл тапқан мекені Сыр топырағында жатыр.

Бұған дейін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай қызылордалық ардагерлер Өзбекстан еліндегі қазақ тарихына қатысты мәдени ошақтарды аралап қайтқанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар