Қызылордада тұрғындардың 86 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы тұрғындарының 86 пайызы коронавирусқа қарсы екпе салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирусқа қарсы вакцинаны уақытылы салдырудың арқасында Қызылорда облысы «жасыл» аймақ статусын сақтап келеді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова журналистермен болған баспасөз мәслихатында вакцинациялау қарқыны және Pfizer екпесін салуға дайындық мәселелерін тілге тиек етті.

«Облыс «жасыл аймақта» болғанына қарамастан, коронавирус инфекциясын тежеу негізгі бағыттардың бірі болып қалуда. Жыл басынан бері егу кабинеттерінің саны 34-тен 106-ға дейін артты.Үй жағдайында қызмет көрсететін 39 мобильді, 167 мониторингтік топ жұмыс жасауда. Бүгінгі күні вакцинациялауға жататын облыс тұрғындарының бірінші компонентін 86,2%, екінші компонентін 72,5 % алған. Pfizer вакцинасының 23 400 дозасы жеткізілді. Вакцинаны сақтау үшін 2 дана ультра төмен тоңазытқыш алынып, барлық салқындық тізбегі сақталуда. 15 қараша күні вакцинациялау жұмыстары басталды, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Өңірде дәрі-дәрмек мәселесінде айтарлық проблема жоқ. Тұрғындардың денсаулығы үшін қажетті дәрінің 2 айлық қоры сақталған. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 488 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда аймақтағы 17 мекемеге 1 пайыз мөлшерлемемен бір жылға несие берілген. Өңірдегі медициналық мекемелер мен дәріханаларда қорғаныш киімдері мен дәрі-дәрмектердің тапшылығы жоқ. Шалғай ауылдардағы дәріханаларда медициналық препараттардың қажетті көлемі де жеткілікті.

Ал, стационарларда коронавирус инфекциясынан науқастарды емдеуге 720 млн теңгеге дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар сатып алынған.


Соңғы жаңалықтар