Қызылордада тұрғындарды жұмыспен қамтуда заң бұзушылықтар анықталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының прокуратурасы тұрғындарды жұмыспен қамту саласында бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл деректер халықты жұмыспен қамту туралы заңнамаларының қолданылуына тексеру барысында анықталды. Тексеру барысында, азаматтарды жұмысқа орналастыру саласында бағдарлама талаптарының орындалуы туралы есептік мәліметтердің бұрмаланғаны, бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалғаны белгілі болды.

Мысалы, жұмыспен қамту орталықтарымен 3,5 мың адам қысқа мерзімді оқуға жолданған. Оқытылған мамандық бойынша 780 немесе 22 пайызы ғана еңбекпен қамтылған. Олардың басым көпшілігі өз кәсібі бойынша жұмыс жасамаған.

«Шиелі ауданында мамандық бойынша оқытылған 376 адамның тек 25-і ғана өз мамандығымен, 72-і өзге мамандықпен  жұмысқа орналасқан. Атап айтсақ, онда аспазшы мамандығы бойынша азаматша қысқа мерзімді кәсіптік оқуын бітірген. Дегенмен ол мұғалім болып қызмет еткен. Қазалы ауданында сұранысқа ие мамандыққа жатпайтын «Бармен» мамандығы бойынша егде жастағы 6 адам қысқа мерзімді оқу бітірген», - деп жазылған облыстық прокуратура хабарламасында.

Тексеру аясында барлығы 1402 азаматтың құқықтары қорғалды. Мемлекетке 14,4 млн теңге өндіріліп, 11 тұлға қылмыстық, 14-і лауазымды тұлға  тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Соңғы жаңалықтар