Қызылордада тергеу изоляторына ұялы телефонды бас киімге жасырып өткізбек болды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада тергеу изоляторына екі азаматша тыйым салынған заттарды жасырын өткізбек болған. Олардың бірі ұялы телефонды бас киім ішіне салып қойған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл оқиға кеше Қызылорда облысындағы ЗК-169/1 мекемесінде орын алған. Мекеме қызметкерлері тергеу қамауындағы баласымен кездесуге келген анасын тексеру барысында азаматшадан ұялы телефон және сим-карта табылды.

Тергеу изоляторында осыған ұқсас тағы бір оқиға болды. Ағасымен кездесуге келген азаматшаны тінту-тексеру кезінде бас киімінің ішіне жасырылған ұялы телефон мен сим карта шықты.

«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша хаттама толтырылып, аталған азаматшалардың іс-құжаттары Қызылорда қаласының сотына жолданды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Дана Достанова.

Бұдан бұрын жазасын өтеп жатқан ағасына жасырып ұялы телефон өткізбек болған жағдай тіркелген еді.


Соңғы жаңалықтар