Қызылордада тазалық науқанына белсене атсалысқандар шипажайға жолдама алды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Birge: Taza Qazaqstan» республикалық эконауқанға белсенді қатысқан азаматтарды марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тазалыққа жете мән беріп, туған жеріне жанашырлықпен қарайтын азаматтарға еліміздегі танымал шипажайларға жолдама табысталса, алдағы уақытта тазалығы бойынша үздік атанған ауылдарға жаңа саябақ, ойын алаңы мен бағалы сыйлықтар берілмек.

Достық үйінде өткен салтанатты іс-шарада аймақ басшысы алдымен, президенттік сайлау науқанына белсенділік танықтан жерлестеріне алғыс білдіріп, сырбойылықтардың ауызбіршілігі арқасында Қызылорда облысы үздіктер қатарынан көрінгенін атап өтті.

«20 қараша күні жылдың ең ауқымды әрі ең маңызды саяси оқиғасының бірі - Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Қашанда ауызбіршілігі мен ынтымағынан айнымаған Сыр халқы елдің болашағы айқындалатын сындарлы сәтте Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа зор сенім артып, дауыс берді. Мызғымас бірлігіміздің, тату тәтті тірлігіміздің, қазақы болмысымыз бен жарқын болашаққа деген халықтың зор сенімінің арқасында сайлауға қатысушылардың саны 81,07 пайызды құрап, аймағымыз үздіктер қатарынан көрініп, республика бойынша екінші орынға тұрақтады. Ел жаңғыруының бастамасы ретінде маусым айында Ата Заңымыз Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткізілген республикалық референдумда да Сыр жұртшылығы ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, Қызылорда облысы үздік өңірлер қатарынан көрінген болатын. Бұның барлығы да аймақ тұрғындарының Мемлекет Басшысына деген сенімі, стратегиялық реформаларын қолдауының нәтижесі», - деді Н.Нәлібаев.

Облыс әкімі сындарлы кезеңде азаматтық белсенділігі және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен азаматтарды Қазақстан Президентінің арнайы «Алғыс хатымен» марапаттады.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge: Taza Qazaqstan» акциясын жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан сырбойылықтарға алғыс білдірді және алдағы уақытта да тазалық пен көркейту - көгалдандыру шараларына белсене қатысуға шақырды.

Күннің ыстығы мен желдің өтінде тынбай еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек азаматтарына «Көкшетау», «Мерке», «Сарыағаш» және «Жаңақорған»емдік-сауықтыру шипажайларына 30 жолдама табысталды.

Одан бөлек, акция нәтижесімен үздік атанған 7 ауылдық округке су сорғысы берілді.

Ал, келесі жылдан бастап конкурс арқылы «Үздік аудан орталығы»,«Үздік ауыл» және қала ішіндегі «Үздік мөлтек ауданды» анықталып, жеңімпаздарды қоғамдық ұйым өкілдері, экобелсенділер мен еріктілерден құралған тәуелсіз комиссия таңдайтын болады.

«Үздік аудан орталығы» номинациясы бойынша І орынға арнайы жол тазалағыш КАМАЗ және қалдық тасымалдаушы МАЗ автокөлігі, ассенизатор мен кран-манипулятор берілсе, ІІ орынға қалдық тасымалдаушы көлік, ассенизатор және жол тазалаушы трактор, ал, ІІІ орынға ассенизатор мен жол тазалаушы трактор сыйға берілмек.

«Үздік ауыл» номинациясын иеленген үш ауылға да бағалы сыйлықтар табысталады.

І орын алған ауылға жер қазатын трактор мен самосвал ЗИЛ автокөлігі, ІІ жер қазатын трактор мен тіркеме, ал ІІІ орынға жер қазатын трактор беріледі.

«Үздік мөлтек аудан» номинациясы бойынша І орынға сквер, спорттық алаңмен жарықтандыру жұмыстарын жүргізіледі.

ІІ орынға абаттандыру мен спорттық ойын алаңын салса, ІІІ орынға абаттандыру жобалары сыйға берілмек,

Келесі жылы елді мекендерде тазалық, көркейту және абаттандыру жұмыстарымен айналысатын арнайы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарды құрып, оларға облыстық бюджеттен материалдық-техникалық базасын нығайтуға қажетті техникалар сатып алынады.


Соңғы жаңалықтар