Қызылордада тағы бір ауыл табиғи газ құбырына қосылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Нартай Бекежанов ауылы табиғи газ құбырына қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысы елді мекендерін газбен қамтуда «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының пайдасы тиіп отыр.

Ауданда бүгінге дейін Шиелі кенті мен Байтерек, Жаңатұрмыс, Бидайкөл ауылдық округтері «көгілдір отынға» қосылған. Енді олардың қатарына Нартай Бекжанов елді мекені де қосылып отыр. Ауылда тұратын 540 үйге осылайша газдың игілігін көретін болады. Ал желтоқсан айында олардың қатарын Қодаманов ауылындағы 525 үй толықтырады. Нәтижесінде аудан тұрғындарының 65 пайызы газбен қамтылады.

«Бұл жобаға өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында құны 374,6 млн.теңге қаражат қаралған. Жоспар бойынша 540 үй табиғи газға қосылады. Құрылыс жұмысын бас мердігер «Транс Азия Констракшн» компаниясы жүргізді», - деді аудан әкімі Нариман Мақұлбеков.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Облыс әкімінің қолдауымен «Жол картасы» бағдарламасы аясында Ақмая және Алғабас ауылдық округтеріне газ құбырын жүргізіу үшін 745 млн.теңге қаралған. Құрылыс жұмыстары жақын арада басталады. Мұнан бөлек Бестам, Ақтоған, Жиделіарық, Еңбекші Алмалы, Телкөл елдімекендерін газдандыруға қажетті құжаттар әзірленді. Бүгінде 4 елді мекеннің мемлекеттік сараптама қорытындысы алынса, 2 елді мекеннің құжаты сараптамаға тапсырылды.

Еске салсақ, облыста газдандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Негізгі үлес 65 пайызға жетті. Биыл Тереңөзек, Жосалы мен Жалағаш кенттері секілді аудан орталықтары газдандырылған. Жыл соңына дейін облыста газбен жабдықтау үлесін 67,4 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар