Қызылордада Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары жалғасуда

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес, 2017 жылдан бері облыс орталығында Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы басталды.

Жалпы аумақ 1532 гектарды құрайды. Оның 367 гектары демалыс аймағына, 537 гектары тұрғын үйге, 190 гектары сауда және кеңсе ғимаратына, 270 гектары әлеуметтік инфрақұрылымға бөлінген.

«Алдағы уақытта аталған аумақта 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Оның үштен бір бөлігі 2025 жылға дейін жобаның бірінші кезеңі аясында пайдалануға беріледі. Соның арқасында 50 мың адам жаңа пәтермен қамтамасыз етіледі. Келешекте мұнда 155 мыңнан астам қала тұрғыны баспаналы болады деп жоспарланып отыр.

Жоба бойынша 16 жаңа мектеп, 12 балабақша, 4 денсаулық сақтау мекемесі, оның ішінде 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана, отбасылық медицина орталығы, облыстық қан орталығы пайдалануға берілмек. Оған қоса облыстық музыкалық-драма театры, неке сарайы және басқа да бірқатар әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандар салынады», - деп мәлім етті Қызылорда облысы әкімдігінен.

Бүгінгі таңда Сырдария өзенінің сол жағалауында «Болашақ» университетінің бас ғимараты, IT-паркі бар жастар ресурстық орталығы, 320 орындық балабақша, 700 орындық жеке мектеп, 2234 пәтерлік 48 көпқабатты тұрғын үй салынды.

Сол жағалауда «Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық музей жұмыс істейді.

Ол Қазақ Орталық Атқару Комитеті ғимаратының сызбасы бойынша салынған. Аталған тарихи ғимаратта 1925 жылы Қырғыз АССР-ін Қазақ АССР-і деп өзгерту туралы тарихи шешім қабылданған болатын.

Сондай-ақ, Қызылордада «Абай» операсы тұңғыш рет сахналанды.


Соңғы жаңалықтар