Қызылордада соңғы 10 күнде 45 той өткізу дерегі анықталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында соңғы 10 күнде 45 той өткізу дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста осы мақсатта 24 мониторинг тобы құрылған. Топ мүшелері карантин талабын бұзу жағдайының басым бөлігі үйде өтетін көпшілік жиын ұйымдастыруға қатысты екенін айтады.

Биылғы жылдың 5 шілдесінен бастап бүгінгі күнге дейін ұлттық дәстүрлік сипаттағы түрлі 420 көпшілік іс-шара өткен. Мұндай келеңсіз көріністер Қазалы ауданында көп тіркелген. Одан кейінгі орында Жалағаш ауданы тұр. Ал үшінші орын Қызылорда қаласының үлесінде.

«Соңғы он күнде облыс бойынша 45 той анықталды. Соның ішінде 40 мерекелік шара үйде ұйымдастырылған. Ал 5-уі мейрамханада өткізілген. Той-жиындар қазір тек демалыс күндері емес, жұмыс күндері де жиі ұйымдастырыла бастағаны анықталды. Сондықтан арнайы құрылған жұмысшы топ жұмыс күндері де жеке тұрғын үйлер мен мейрамханаларға, жалға берілетін коттедждерге жүргізілетін рейд шаралары күшейтіліп отыр. Мониторинг тобы анықталған карантин талаптарын бұзу фактілері бойынша 38 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Қызылорда облысында бүгінге дейін 3269 адам коронавирус инфекциясына шалдығып, оның 3218-і жазылып шықты . Қатерлі дерттен 15 адам көз жұмды.

Өткен тәулікте Қызылорда қаласында коронавирус инфекциясымен 1 науқас тіркелді. Ал, осы індеттен 11 науқас жазылып шықты.

Естеріңізге сала кетелік, Қызылорда облысында карантин талаптары біршама жеңілдетілді.



Соңғы жаңалықтар