Қызылордада шыны зауытының құрылысы биыл аяқталады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы шыны зауыты құрылысының аяқталуы ағымдағы жылдың аяғына жоспарланып отыр. Облыс әкімдігі құрылысты уақытында аяқтау үшін тиісті іс-шараларды жүзеге асыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев шыны зауытының құрылыс алаңына барып, онда іске қосылатын барлық 4 нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта мұнда 17 мердігерлік компанияның 240-қа жуық жұмысшысы еңбек етіп жүр.

Бүгінде дайын өнім қоймасы, ішкі темір жол, негізгі цехтар, ішкі инженерлік желілер кешендері бойынша қажетті жұмыстар атқарылуда. Шыны зауытына қажетті барлық инфрақұрылым бюджеттік қаражат есебінен жеткізіледі. Бүгінгі таңда газ құбырының екі тармағы, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, электр желілері, жолдар мен байланыс желілері тартылды. Ағымдағы жылдың қараша айына дейін темір жолдың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Айта кету керек, «Чайна Триумф» компаниясы күн батареялары, смартфондар мен планшеттер (қуаттылығы күніне 250 тонна ультра жұқа шыны өндіретін зауыт) үшін пайдаланылатын өте жұқа әрі ультра мөлдір шыны өндіру үшін жоғары технологиялық зауыт құрылысына инвестор ретінде қосылды.

Жаңа жобаның құны шамамен 150 миллион АҚШ долларын құрайды. Өнімдердің негізгі артықшылықтары - қалыңдығы 0,15 мм тегіс және оптикалық бұрмалануы төмен шыны. Зауыт құрылысының екінші кезеңінде 500 жаңа жұмыс орнын, ал пайдалануға бергеннен кейін шамамен 150-ден астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар