Қызылордада сатып алу заңнамасын бұзған 214 мемқызметші жазаланды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзған 214 мемлекеттік қызметші жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде мемлекеттік сатып алу бәсекелестік ортада жүргізілмеген жағдайы кездескен.

Салдарынан кәсіпкерлердің сатып алуға қатысу және ол үшін тең мүмкіндіктер беру құқығы шектеліпген.

«Мемлекеттік сатып алуды негізсіз бір көзден алу тәжірибеге айналғаны анықталды. Атап айтқанда, Арал аудандық құрылыс бөлімі бірқатар жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға заңсыз тікелей бір көзден шарт жасауға жүйелі түрде жол берген. Бұл бөлім 2019-2021 жылдары 1 млрд 400 млн теңгеге заңсыз 54 осындай шарт жасаған. Оның үстіне аталған қызметтерді тек белгілі бір тұлғадан алып келген. Облыс прокуратурасының қадағалау актісі бойынша ведомстволық бақылау жүргізбегені үшін Арал ауданының әкімі мен оның орынбасары тәртіптік жазаға тартылды. Ал бөлім басшысына 8 млн теңге әкімшілік айыппұл салынып, ол қызметінен босатылды», - деді Қызылорда облысы прокуратурасының басқарма басшысы Айдос Әбдібаев.

Биылдан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгерістер енгізілді.

Онда бір көзден мемлекеттік сатып алу тек басқа тәсілмен сатып алу мүмкін болмаған айрықша жағдайда жүзеге асырылатыны көрсетілген.

«Аталған өзгерістерге қарамастан биыл 19 кент пен ауыл әкімдіктері заңсыз 459 млн теңгеге бір көзден 108 шарт жасағаны анықталды. Тереңөзек кенті әкімдігі 224 млн теңгеге 39 негізсіз шарт жасалған. Осындай заңбұзушылықтар Қазалыда 90, Жалағашта 46, Қармақшыда 52, Шиеліде 24, Жаңақорған ауданында 4 млн теңгені құраған. Өз кезегінде аталған мемлекеттік сатып алулар басқа да әлеуетті өнім берушілер арасында бәсеке орнатып, баға ұсынысын сұрату немесе конкурс тәсілімен жүргізу қажет. Сондықтан прокуратура тарапынан негізсіз жасалған шарттардың күшін жою және лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау үшін қадағалау актілері енгізілді», - деді А. Әбдібаев.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада прокуратура 134 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру деректерін анықтағанын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар