Қызылордада санитарияны сақтамаған асханаларға 1,4 млн теңге айыппұл салынды

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында қоғамдық тамақтану нысандарынан микробиологиялық көрсеткіштерге байланысты 129 сынама алынып, олардан 11 сәйкессіздік анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл бағытта Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тексеру жұмыстарын жүргізген еді. Мамандар тарапынан тағамдардан санитариялық-химиялық зерттеуге алынған 60 сынаманың 22-сі дайын тағам өнімдерінің құнарлығы талапқа сәйкес болмай шықты.

«Денсаулық сақтау ұйымдарындағы, вахталық кенттердегі, құрылыс алаңдарындағы, өнеркәсіптік нысандардың асханаларына ерекше тәртіп бойынша тексеру жүргізілді. Шара барысында ішек таяқшалары тобы бактерияларын анықтау үшін барлығы 170 шайынды алынып, олардың 10-ынан сәйкессіздік анықталды. Ал санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша тамақ өнімдеріінің 5 сынамасы белгіленген нормаларға сай болмай шықты», - деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен.

Ведомство мәліметінше, санитариялық қағидаларды бұзу бойынша жауапты азаматтарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 425-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы 25 хаттама толтырылды. Оларға қысқартылған өндіріс тәртібінде 1,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада медицина қалдықтарын жою талаптарын бұзғандарға 186 айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар