Қызылордада прокуратура 134 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру деректерін анықтады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында прокуратура тарапынан 2021-2022 жылдары 134 млн теңгеге бюджет қаражатын жымқырудың 5 дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында прокуратура тарапынан жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 2021 және 2022 жылдары мемлекеттік сатып алудың барлық сатысында заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.

Мұндай келеңсіздіктер қатарында құрылыс нысанының жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуден бастап, мемлекеттік сатып алуды өткізу, құрылыс жұмыстарын жүргізу және нысанды қабылдау сатыларында тіркелген жағдайлар бар.

«Құрылыс барысында жобалау-сметалық құжаттамадан жекелеген жұмыстарды алып тастап, орнына негізсіз қымбат материалдарды қосу деректері кездесті.

Прокуратура тарапынан 2021-2022 жылдары 134 млн теңгеге бюджет қаражатын жымқырудың 5 дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - деді Қызылорда облысы прокуратурасының басқарма басшысы Айдос Әбдібаев.

Ведомство мәліметінше, 2021 жылы Қазалы ауданы әкімдігі ғимаратының құрылыс жұмыстарында мердігер мекеме тарапынан 6 млн теңгенің жұмысы атқарылмаған. Бұл бойынша ауданның құрылыс бөлімінің басшысы ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігімен жауаптылыққа тартылған.

«Осындай тағы бір дерек Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалау бөлігіндегі «Шіркейлі» арнасы арқылы көпірді салу кезінде тіркелген. Онда 30 млн теңгенің жұмыстары жасалмағаны анықталды.

Бұл бойынша биыл 13 мамырда облыс прокуратура тарапынан ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді»,- деді А.Әбдібаев.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада 16 адамды алдаған алаяқтар ұсталды.



Соңғы жаңалықтар