Қызылордада полиция қызметкерлері 17 адамды өрттен аман алып қалған

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық полиция қызметкері Мақсат Хасенов әріптестерімен бірге 17 адамды өрттен құтқарып қалды. Тәртіп сақшысы бұл әрекетін өзінің азаматтық міндеті санайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға өткен жылдың тамыз айында болды.

Сол күні Қызылорда қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне хабар келіп тсүкен еді. Онда облыс орталығы бойындағы Қорқыт ата көшесі мен Өсербаев көшелерінің қиылысында көп қабатты үйдің бірінен өрт шыққаны айтылған. Төртінші қабатта орналасқан пәтердің өртеніп жатқанын естіген полицейлер дереу әрекетке кірісті.

Жедел қызмет мамандарымен бірге полиция қызметкерлері Мақсат Жылқайдаров, Мақсат Хасенов және Бақытжан Досмағамбетов оқиға орнына келіп жетті.

«Біз оқиға орнына барған сәтте подьезден қою қара түтіннің шығып жатқанын аңғардық. Көп ойланып тұратын уақыт жоқ. Дереу әрекетке кірістік. Тұрғындарды дереу сыртқа шығарып үлгердік. Одан кейін пәтерді ашып, жанып жатқан дүниелерді өшіруге тырыстық. Пәтер иелері үйде жоқ екен. Осылайша адамдар өмірін аман сақтап қалдық. Біз өз міндетімізді орындадық», - дейді Мақсат Хасенов.

Өрттің көрші пәтерлерге таралу қаупі бар екенін аңғарған Мақсат Хасенов пен Бақытжан Досмағамбетов жалынның одан әрі өршуіне жол берген жоқ.

Ал Мақсат Жылқайдаров өткір түтін салдарынан пәтерлерінен шыға алмай қалған тұрғындарға көмектесті. Олардың арасында үлкендердің бақылауынсыз қалған балалар да бар еді.

Өрт салдарынан жарық та сөніп қалған болатын. Осындай қиындықтарға қарамастан полиция қызметкерлері өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарып шықты. Нәтижесінде барлығы 17 адам өрттен қауіпсіз аймаққа шығарылды.

Полиция капитаны Мақсат Хасенов ішкі істер органдарында 2013 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Отбасылы, 2 бала тәрбиелеуде.


Соңғы жаңалықтар