Қызылордада полицейлер өрт ішінен төрт баланы құтқарды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық полиция қызметкерлері өрт шыққан үйдің ішінен төрт баланы құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция капитаны Әлімжан Әлімбетов пен полиция аға лейтенанты Бейбарыс Қалымбетов Қызылорда қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінде қызмет атқарады. Қызметтерін атқару барысында олар көшеде келе жатып облыс орталығындағы үйдің бірінің терезесінен балалардың көмек сұраған жағдайын байқап қалады.

Полиция қызметкерлері дереу іске кірісті. Үй ішіне кіргенде тұрмыстық заттар өртеніп жатқанын байқайды. Полицейлер үлкені бес, кішісі бір жасқа толмаған балаларды өрт ішінен алып шықты. Оларды көршілеріне тапсырды.

«Тексеру барысында балалардың әкесі жұмыста болғандығы анықталды. Ал анасы жақын маңайдағы азық-түлік дүкеніне кеткен. Үйіне оралған анасы өрттен аман-есен балаларын құтқарып қалған полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар