Қызылордада полицейлер аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткінің жолын кесті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада полицейлер аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткінің жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына жедел хабарлама келіп түсті. Аталған мақсатта жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Нәтижесінде облыс орталығында атыраулық 23 жастағы тұрғын ұсталды. Одан жалпы салмағы 116 грамнан асатын мефедрон синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Бұл – Қызылордада айналымнан алғаш алынған қауіпті есірткі препараттарының бірі.

«Атыраулық жігіт қала орталығынан пәтер жалдаған. Оған тінту жүргізу барысында пәтерді синтетикалық есірткі дайындайтын кішігірім зертханаға айналдырғаны белгілі болды. Пәтер ішінен сатуға дайындалған 91 данаға бөлектенген ақ түсті ұнтақтар тәркіленді. Сол жерден дайындауға арналған таразы, рулон фольга, түрлі-түсті изолента, скотчтар, түрлі-түсті бояғыштар, дәмдеуіштер заттай дәлел ретінде алынды. Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген ұнтақтың мефедрон синтетикалық есірткіге жататыны нақтыланды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, күдікті интернет желісі арқылы тапсырыс қабылдап, синтетикалық есірткі заттарын қала орталығындағы әртүрлі орындарға жасырған. Ол полиция синтетикалық есірткін жасырған жерлерін көрсетті. Бұл орындардан жалпы салмағы 81 грамнан асатын 50 дана есірткі заты тәркіленді. Күдікті Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада дизель отынын заңсыз сатқан кәсіпкерге сот үкімі шықты.


Соңғы жаңалықтар