Қызылордада он күнде 640 адам екпе салдырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында он күн ішінде 640 адам коронавирус инфекциясының вакцинасын салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда қаласында вакцина егу 1 ақпаннан басталды. Он күн ішінде 640 адам екпе салдырды. Оның ішінде алғашқы тоғыз күнде 580 адам вакцина салдырса, бүгін олардың қатарына тағы 60 адам қосылған. Олардың 617-і медицина қызметкерлері болса, 23-і өзге саланың өкілдері.

«Облыс бойынша медицина ұйымдарында 154 екпе кабинеті бар. Соның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауға 32 екпе кабинеті мен 12 жылжымалы егу бригада дайындалды. Осы кезге дейін вакцина салдырғандар арасында шағым болған жоқ. Олардың денсаулығы тұрақты бақылауда», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов.

Коронавирус инфекциясына қарсы екпе жұмыстары қаладағы №1, №3, №6 емханаларда жүргізіліп жатыр. Екпе салдырған азаматтар арасында ауыр түрдегі асқыну тіркелмеген. .

Облыс бойынша бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясымен 3 666 науқас тіркелсе, соңғы тәулікте 9 жағдай анықталып отыр. Олардың 96,5 пайызы емделіп шыққан.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Қызылорда облысында тамақтану орындары карантин талаптарын жиі бұзатынын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар