Қызылордада облыс әкімі Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы тұлға рухына тағзым етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шараға облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев қатысты.

Айтулы мерекеге орай ақынның есімін мәңгі ұлықтау мақсатында облыстың мәдениет ұйымдарында онлайн форматта түрлі мәдени-танымдық шаралар өткізілуде.

Атап айтсақ, облыстағы мәдениет үйлері мен клубтарда «Абай әлемі» атты ардагерлердің облыстық өнер фестивалі, «Көзімнің қарасы» атты Абай шығармашылығына арналған облыстық өнер байқауы, «Ұлы халықтың – ұлы Абайы», «Абай дана, Абай дара», атты әдеби музыкалық кеш, «Абай әлемі» атты Абай әндерінен концерт, «Кемеңгерліктің биік шыңы Абай» атты көркемсөз оқушылардың аудандық байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыста «Абай – дана, Абай – дара қазақта!» атты поэзия сағаттары, облыс кітапханаларында «Ұлы даланың ұлы ойшылы», «Шын Хәкім, сөздің асыл - баға жетпес», «Ұлы Абай-ұлттық болмысымыздың айнасы, «Абай жаққан шамшырақ» тақырыптарында кітап көрмелері, әдеби жыр кештері өткізілуде.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қызметкерлері мен барлық облыс кітапханашылары Абай шығармаларын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында 3 тамыздан бастап «Абайды оқы, жалықпа» тақырыбында оқу челленджін өткізді.

Абай күніне арналған шаралар барлық мәдениет ұйымдары мен басқарманың әлеуметтік желідегі парақшалары мен «Сыр шаңырағы» YouТube каналына жариялануда.

Атап өту қажет, өңірдегі 4 білім беру ошағына, 86 көшеге Абай есімі берілген. Қызылорда қаласындағы Назарбаев даңғылының бойында орналасқан аллеяға Абай есімі беріліп, оның қара сөздері тасқа қашалып жазылған.

Еске салсақ, бүгін елімізде Абай күні аталып өтуде.


Соңғы жаңалықтар