Қызылордада науқастарды заңсыз емдеп келген 3 емхананың жұмысы тоқтатылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада мемлекеттік лицензиясыз қызмет көрсеткен 3 жеке медициналық ұйым қызметі сот тәртібімен тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде Қызылорда облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары мәлім етті. Департамент облыстық және қалалық медициналық ұйымдар көрсететін қызметтердің сапасын бақылау және бағалау қызметін де атқарады.

2019 жылы медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша департаментке 138 өтініш келіп түскен. Оның 68-і қаралып, 87 объектіге тексеру жүргізілді. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде өтініштердің 51 пайызында сапасыз медициналық қызмет көрсету деректері нақтыланған.

«Келіп түскен өтініштердің басым бөлігі Қазалы және Жаңақорған аудандық ауруханаларына қатысты болып отыр. Атап айтқанда, пациенттің жай-күйін жете бағаламау, кеш диагностикалау, науқасты ауруханаға кеш жатқызу, диагностика мен емдеу хаттамаларының сақталмауы, жоғары деңгейдегі стационарға дұрыс тасымалдамау сияқты кемшіліктердің орын алғандығы анықталды. 2019 жылы жүргізілген тексерулердің нәтижесінде департамент әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 27 хаттама толтырып, айыппұл салды. Медицина қызметкерлерінің іс-әрекетін құқықтық бағалау және процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына 30 материал жіберілді. Нәтижесінде лицензиясыз жұмыс жасап келген 3 жеке медициналық ұйым қызметі сот тәртібімен тоқтатылды», - деп мәлім етті Қызылорда облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айман Жанахаева.

Бұдан бұрын Қызылордада мектеп асханаларын тексеруде бірқатар кемшілік анықталған еді.


Соңғы жаңалықтар